QAZAQ GREEN. 2025 жылғы 28 мамырда Назарбаев Университетінде «Қазақстан энергетикасында BESS энергияны жинақтау жүйелерінің рөлі» атты халықаралық конференция өтті.
Іс-шараға 300-ден астам қатысушы, соның ішінде мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, жетекші халықаралық компаниялар, ғылыми орталықтар, технологиялық көшбасшылар мен инвесторлар қатысты. Конференцияны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің қолдауымен Назарбаев Университеті, «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығы және TotalEnergies Renewables Kazakhstan компаниясы ұйымдастырды.
Талқылау орталығында Қазақстанның бірыңғай энергожүйесіне энергия жинақтау жүйелерін (Battery Energy Storage Systems, BESS) енгізу әлеуеті болды. Қатысушылар бұл технологиялар электр желісінің сенімділігі мен икемділігін қалай арттыра алатынын, жаңартылатын энергия көздерін біріктіруге және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға қалай жәрдемдесетінін талқылады.
Талқылаудың маңызды бөлігі Еуропа, АҚШ және Азия елдерінде BESS іске асырудың халықаралық тәжірибесі, заманауи технологиялар, бизнес-модельдер мен стандарттар, сондай-ақ Қазақстанда жинақтағыштарды ауқымды енгізудің заңнамалық және экономикалық алғышарттары болды.
Негізгі баяндамашылар арасында Қазақстан Республикасының энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, Назарбаев Университетінің президенті профессор Вакар Ахмад, TotalEnergies Renewables компаниясының вице-президенті Тьерри Мюллер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов, «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов, ЖЭК қолдау жөніндегі ҚЕАО бас директоры Гүлжан Нәлібаева, сондай ақ Huawei, Saft, Sungrow, Envision және басқа да халықаралық компаниялардың басшылары мен сарапшылары болды.
«BESS жобаларын өнеркәсіптік ауқымда іске асырудың халықаралық тәжірибесі: алынған сабақтар» сессиясының қорытындысы бойынша Қазақстандағы TotalEnergies Renewables бас директоры Тьерри Плезан:
«Тұрақты даму мен елішілік құндылықты құруға бағытталған жауапты мультиэнергетикалық көшбасшы ретінде TotalEnergies тек жел парктерін салумен және пайдаланумен шектелмейді. Біз сондай-ақ Қазақстан Республикасына ЖЭК саласындағы өзіміздің озық құзыреттерімізді дамытуға көмектесуге мүдделіміз. Сондықтан біз Назарбаев Университетінде National Laboratory Astana энергетика және жаңа материалдар туралы ғылым орталығының базасында энергияны жинақтау жүйелері бойынша Техникалық құзыреттер орталығын ашу туралы шешім қабылдадық. Бұл республиканың дәстүрлі және жаңартылатын энергияны сақтау және түрлендіру жүйелерін зерттеу жөніндегі әлемдік орталықтардың біріне айналуына көмектеседі деп үміттенеміз», – деп атап өтті.
Қазақстандағы алғашқы «Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде BESS энергияны жинақтау жүйелерін қолдану» Ақ кітабының тұсаукесеріне ерекше назар аударылды. «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығы Huawei компаниясымен бірлесіп дайындаған бұл талдамалық құжат BESS енгізудің жаһандық тәжірибесіне ауқымды шолуды, заманауи технологиялық шешімдердің, халықаралық стандарттардың сипаттамасын, сондай-ақ Қазақстанда осы саланы құқықтық реттеу жөніндегі ұсынымдарды қамтиды.
«Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығының Директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов атап өткендей:
«Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығы конференцияда біздің сарапшылар әзірлеген «ҚР БЭЖ-де BESS энергияны жинақтау жүйелерін қолдану» атты Ақ кітапты таныстырды. Ақ кітап – бұл BESS технологиясын қолдану мәселесін сипаттайтын талдамалық есеп. Осы есеп шеңберінде өнеркәсіптік ауқымда BESS қолданудың да, «есептегіщ артындағы», яғни тұтынушы деңгейінде BESS пайдаланудың да халықаралық тәжірибесі зерттелді. BESS заманауи технологиялары, олардың нарықтардағы құны, BESS жобаларын іске асыру кезінде қолданылатын халықаралық стандарттар, BESS жүйесіне қойылатын техникалық талаптар бойынша отандық және шетелдік сарапшылардың ұсынымдары, сондай-ақ қазақстандық заңнамада осы технологияларды нормативтік-құқықтық реттеу жөніндегі ұсынымдар сипатталды. Бұл құжат осы технологияларды электр желісіне енгізудің алғашқы практикалық қадамы ретінде үлкен үлес қосады деп үміттенеміз».
Конференция барысында ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойылды:
- ҚР Энергетика министрлігі, «ОАЭК» АҚ, Huawei және «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығы арасында – қуаты 100 МВт Green Energy ОАЭК жел станциясында BESS енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосу туралы.
- Huawei мен Qazaq Green қауымдастығы арасында – энергия жинақтау саласындағы бірқатар болашақ жобалар бойынша ынтымақтастық туралы.
Huawei Technologies Kazakhstan бас директоры Сун Ясюй:
«Бүгін конференцияда Хуавей компаниясы ҚР Энергетика министрлігімен, «ОАЭК» АҚ және «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығымен Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Біздің компания қуаты 100 МВт Green Energy ЦАТЭК жел станциясы базасында BESS энергияны жинақтау жүйесі бойынша алғашқы пилоттық жобаны іске асыруға ниетті. Ол үшін біз 1 жыл мерзімге қуаты 4,4 МВт BESS энергияны жинақтау жүйесін жеткіземіз және толық сараптамалық әрі техникалық сүйемелдеуді жүзеге асырамыз. Осы жобаның арқасында Қазақстандағы барлық мүдделі стейкхолдерлер біздің энергияны сақтау технологиясының жел станциясынан энергия жүйесіне энергия интеграциясына оң әсерін бағалай алады», – деп атап өтті.
Бағдарламаның маңызды бөлігі энергияны сақтау жүйелері үшін инновацияларға, технологияларға және сыни материалдарға арналған ғылыми сессия болды. Сессияны Энергетика және жаңа материалтану ғылыми орталығын басқаратын Назарбаев Университетінің профессоры Жұмабай Бәкенов модерациялады. Оның командасы BESS үшін энергетикалық материалдар және шешімдер мен жүйелерді зерттеу саласындағы аймақтағы жетекші командалардың бірі болып табылады. Сессия жұмысына аккумуляторлық технологиялар және BESS саласындағы халықаралық сарапшылар қатысты.
Назарбаев Университетінің профессоры Жұмабай Бәкенов атап өткендей:
«Материалтану және инженерия саласындағы зерттеулер BESS үшін неғұрлым тиімді, берік және экологиялық қауіпсіз шешімдер жасауға мүмкіндік береді. Жаһандық энергетикалық ауысу жағдайында технологиялық инновациялар елдердің тұрақтылығы мен технологиялық егемендігінің шешуші факторына айналады. Назарбаев Университеті сияқты жетекші университеттер мен ғылыми орталықтар осы стратегиялық саланы дамыту үшін маңызды ғылыми базаны қамтамасыз етеді. Қазақстан өзінің табиғи ресурстарының, сондай-ақ геосаяси жағдайы мен ғылыми-техникалық әлеуетінің арқасында аккумуляторлар үшін материалдарды – катодты материалдар мен литийді, сондай-ақ басқа да аса маңызды материалдарды жеткізудің жаһандық тізбегінде елеулі әлеуетке ие. Бүгінде шикізатты өндіруді ұлғайту ғана емес, сонымен қатар байыту мен өңдеуден бастап аккумулятор компоненттерін өндіруге және қолданбалы зерттеулер жүргізуге дейінгі қосымша құнның толық циклін дамыту маңызды. Бұл Қазақстанға халықаралық серіктестікте берік ұстанымға ие болуға және экономиканы көміртексіздендіру жөніндегі жаһандық күш-жігерге елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді».
Іс-шараның қорытындысы бойынша қарар қабылданып, онда Қазақстанның энергетикалық секторына энергияны жинақтау жүйелерін интеграциялау бойынша келешек жұмыстың негізгі бағыттары белгіленді.